Павлодарда қоғам қайраткерінің мерейтойы футбол алаңында аталып өтті
Мерейтойдың футбол алаңында атап өтілуі кездейсоқ емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда спорт жанашыры, өлкетанушы, «Замандас» ардагерлер футбол командасының ұйымдастырушысы Қабдылбәри Алиновтың 75 жасқа толуына орай достары арасында шағын футболдан турнир өтті.
Мерейтойдың футбол алаңында атап өтілуі кездейсоқ емес. Қабдылбәри Жаңабайұлы – салауатты өмір салтын насихаттап, ардагерлер спортын дамытуға белсенді атсалысып жүрген азамат. 2020 жылы ол «Замандас» футбол командасын құрып, оның капитаны ретінде түрлі қалалық және облыстық жарыстарға қатысып келеді.

Салтанатты бөлімде «Қазақстан спорт ардагерлері одағы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы Талғат Мамашев мерейтой иесінің өңірдің спорттық және қоғамдық өміріне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
- Қабдылбәри Жанабайұлы – спортқа деген сүйіспеншіліктің, туған жерге адалдықтың жарқын үлгісі. Ол ардагерлерді футбол алаңына жинап, салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, өлке тарихын сақтауға да орасан зор еңбек сіңіріп келеді. Оның жинақтаған мыңдаған фотосуреті мен тарихи құжаттары – келешек ұрпаққа қалатын құнды мұра. Осындай азаматтардың арқасында спорттағы сабақтастық та, халықтың тарихи жады да сақталады, – деді Талғат Мамашев.
Айта кетейік, Қабдылбәри Алинов Ертіс өңірінің тарихына арналған 214 тақырыптық альбом құрастырып, 14 мыңнан астам фото және бейнематериал жинақтаған. Сондай-ақ бірнеше тарихи фотокөрме ұйымдастырып, туған өлкесінің шежіресін насихаттап келеді.

Мерейтой иесіне «Замандас» ардагерлер клубының жетекшісі Нұрбану Әмірғалиева да жылы лебізін білдірді.
Ал Қабдылбәри Алиновтың туған жері – өзі Құрметті азаматы атанған Ертіс ауданының атынан аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлдана Сәрсембенова құттықтады. Ол аудан әкімінің ыстық сәлемін жеткізіп, мерейтой иесінің иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Мерекелік кездесу достар арасындағы футбол бәсекесімен жалғасып, спортқа адалдық пен шынайы достықтың мерекесіне айналды.