Қазақстандықтардың басым бөлігі елдің саяси бағытын қолдайды

Қазақстандықтардың басым бөлігі елдің саяси бағытын қолдайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

DATAmetrics компаниясы 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Face-to-face» форматында, яғни бетпе-бет сұхбат түрінде өткен сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8000 тұрғын қатысты. 

Қоғамдық көңіл-күйдің негізгі индикаторларының бірі – азаматтардың еліміздің даму бағытына берген жалпы бағасы. Бұл көрсеткіш халықтың мемлекеттік саясатты қабылдау деңгейін көрсетеді. 

Зерттеу нәтижелері халық мемлекеттің саяси бағытын жоғары деңгейде қолдайтынын айқындады. Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқандардың 87,8%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп көрсеткен. 

Азаматтық белсенділіктің маңызды индикаторы – халықтың сайлауда дауыс беруге деген ынтасы.

Сауалнама жүргізілген кезде Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауы өтетін күн әлі жарияланған жоқ еді. Сондықтан респонденттерге: «Егер алдағы жексенбіде Құрылтай (Парламент) сайлауы өтсе, Сіз дауыс беруге барар ма едіңіз?» деген сұрақ қойылды. 

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, азаматтардың басым бөлігі алдағы Құрылтай сайлауында дауыс беруге дайын. Респонденттердің 75,6%-ы сайлау учаскесіне баруға ниетті екенін айтқан. Оның ішінде 44,2%-ы дауыс беретінін нақты атап көрсетсе, 31,4%-ы дауыс беруі ықтимал екенін жеткізген. 

Партияларға деген көзқарасты анықтау үшін респонденттерге: «Егер жақын арадағы жексенбіде Құрылтай сайлауы өтсе, Сіз қай саяси партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды. 

Сауалнама қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы ең жоғары қолдауға ие болған. Бұл партияға респонденттердің 54,2%-ы дауыс беруге дайын екенін білдірген. Екінші орында 7,3% көрсеткішпен «Ауыл» партиясы тұр. Ал «Ақ жол» партиясы 4,6% көрсеткішпен үшінші орынға шыққан. «Respublica» партиясын қолдау деңгейі 3,4%-ды құраған. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға сауалнамаға қатысушылардың 2,4%-ы дауыс беруге дайын. Қазақстан Халық партиясын респонденттердің 2,1%-ы қолдаған. «Байтақ» партиясын сауалнамаға қатысушылардың 1,1%-ы таңдаған. «Барлығына қарсымын» нұсқасын респонденттердің 2,3%-ы белгілеген. Сонымен қатар, сайлауалды үгіт-насихат барысында саяси партиялар үшін тартыс нысанасы жеткілікті екені анықталды – сайлаушылардың едәуір бөлігі өз таңдауын әлі жасаған жоқ. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, азаматтардың 22,6%-ы, яғни шамамен әрбір бесінші сайлаушы қай партияға дауыс беретіні жөнінде шешім қабылдамаған. 

Жалпы, зерттеу нәтижелері қоғамда елдің саяси бағытын қолдау деңгейі жоғары екенін және азаматтардың сайлау процесіне қатысуға дайын екенін көрсетті.

Іріктеу Қазақстан Республикасы халқының негізгі әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларына, атап айтқанда тұрғылықты жерінің түріне (қала/ауыл), жынысы мен жасына қарай репрезентативті. Сенімділік ықтималдығы 95% болған жағдайда іріктеменің статистикалық қателік шегі ±1,1%-дан құрайды. 

DATAmetrics компаниясы бұл зерттеу нәтижелерін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі № ОСК-11-07/ЗТ-К-29 хабарламасы негізінде жариялап отыр.