Қазақстан мен Әзербайжан Каспий арқылы цифрлық дәліз ашты

Қазақстан мен Әзербайжан Каспий арқылы цифрлық дәліз ашты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Желі Азия мен Еуропа арасындағы деректер тасымалын арттырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Каспий теңізінің табанымен тартылған суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі екі елдің телекоммуникация жүйелерін алғаш рет тікелей байланыстырды. Бакуде өткен іске қосу рәсіміне Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қатысты.

Ұзындығы 380 шақырым болатын желіні «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom компаниясы бірлесіп салды. Кабель Қазақстанның Қытай бағытындағы құрлық желілерін Әзербайжан инфрақұрылымы арқылы Кавказ және Еуропа желілерімен жалғайды.

Жаңа бағыт халықаралық трафикті өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, қолданыстағы байланыс арналарына балама болады. Бұл операторларға деректер ағынын икемді бөлуге және жекелеген бағыттарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Суасты кабеліне 64 оптикалық талшық орналастырылған. Желінің жобалық өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асады. Ал Ақтау – Ыстанбұл бағытындағы сигнал кідірісі 34 миллисекундты құрайды.

Мұндай көрсеткіштер Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты платформаларды және жасанды интеллектке арналған есептеу қуаттарын орналастыруға мүмкіндік береді. Желі Жерорта және Қара теңіздердегі байланыс жүйелеріне де қосыла алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа желіні Орта дәліздің цифрлық бөлігі деп атады.

– Біз халықаралық маңызы зор бірегей жобаны іске қостық. Ең бастысы, бұл – жаңа заманның дәлізі. Яғни көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, цифрландыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі соны форматы, Орта дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асырылуы десек болады, – деді Қазақстан Президенті.

Ильхам Әлиев желіні Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және басқа да елдер пайдалана алатынын айтты.

– Былтыр Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне толық мүше ретінде қабылданды, биыл мен осы ұйымға толық мүше ретінде қатыстым. Аталған жоба ынтымақтастықты тереңдетуге қосылған кезекті үлес болды. Яғни бұл желіні Орталық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ жұрты да, одан тысқары елдер де пайдаланады. Осылайша, бүгін жаһандық жобаны іске қостық, – деді Әзербайжан Президенті.

Рәсімде Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин сөз сөйледі.

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Әзербайжан үкіметтері арасында бұған дейін қол қойылған Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жөніндегі келісімнің даналарымен алмасу рәсімі де өтті.

Жоба бойынша белсенді жұмыстар 2025 жылы басталды. Кабель бағыты кеме қатынасы, әскери және мұнай-газ нысандарының орналасуы ескеріле отырып белгіленді. Болжам бойынша, жаңа бағыт іске қосылғаннан кейін транзиттік трафик көлемі екі еседен астам өсіп, таяу жылдары 21,6 Тбит/с-қа жетуі мүмкін.