Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа акция басталды
Тұрғындар Threads желісі арқылы полицияға хабарласып, көмек сұрай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ішкі істер министрлігі отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған «Біз қасыңыздамыз. Бізден сұраңыз» республикалық акциясын іске қосты.
Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, бастама әлеуметтік желі арқылы азаматтардың өтініштерін қабылдап, оларға қажетті кеңес пен көмек көрсетуге бағытталған.
Акция аясында тұрғындар Threads платформасында өз мәселесін жазып, полиция қызметкерлерінен жауап ала алады. Қажет болған жағдайда тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжайға барады.
– Егер сіз зорлық-зомбылыққа ұшырасаңыз немесе осындай жағдайдың куәгері болсаңыз, көмек сұраудан қорықпаңыз. Сіздің қауіпсіздігіңіз бен құқықтарыңызды қорғау – біздің басты міндетіміз, – деп мәлімдеді ведомство.
Акцияға полициядан бөлек, басқа мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, дағдарыс орталықтары мен отбасын қолдау орталықтары қатысады. Олар азаматтардың өтініштерін өз құзыреті шегінде қарап, қажетті көмек көрсетеді.
Отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болған немесе мұндай жағдайға куә болған азаматтар 102 нөміріне хабарласа алады. Сондай-ақ отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 байланыс орталығынан кеңес алуға болады.
Еске сала кетейік, биыл Павлодар облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жасаған 97 тұрғын сот шешімімен қоғамдық жұмысқа тартылған болатын.
Смотреть в Threads