Анонимді көмек: Павлодарлық жасөспірімдер қандай мәселелерді психологпен талқылайды?

Анонимді көмек: Павлодарлық жасөспірімдер қандай мәселелерді психологпен талқылайды?
Фото: pexels.com

Әр кері байланыс оң нәтижесін көрсетуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда жастар арасында психологиялық тұрақсыздық жиі байқалады. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер тіпті ұсақ-түйек жағдайларға қатты уайымдап, күйзеліске түседі. Ата-анамен кикілжің, алғашқы махаббаттағы қиындықтар немесе достарымен түсініспеушіліктер  олардың психикасына үлкен әсер етеді.

Осыған байланысты Павлодар қаласында жұмыс істейтін жастарға қызмет көрсету орталығы жасөспірімдерге кешенді көмек көрсетуде. Дәрігерлердің айтуынша, егер қыз бала тексеріс кезінде өзін жайсыз сезінсе, оған психологтың көмегіне жүгінуге кеңес беріледі. Бұл әдіс тиімді нәтиже беріп отыр, себебі жасөспірімдер көбіне өз мәселелерін отбасына немесе достарына ашық айта алмайды.

–  Көптеген жағдайда жастардың басты проблемасы ата-анамен қарым-қатынастағы түсініспеушілік. Ата-аналар жұмысбасты болып, баласына көңіл бөлуге уақыт таппайды. «Мен бар жағдайды жасап отырмын» деген оймен олар басты қажеттілікті – қарапайым көңіл мен назарды ұмытып кетеді. Ал жасөспірім үшін ата-ананың жанында болуы, оны тыңдап, түсінуі  ‐ ең маңызды дүние, –  дейді №3 қалалық емханасының психологы Даяна Серікова. 

Психологтар мұндай жағдайға жиі куә болады. Бір оқиғаны мамандар мысалға келтірді: жасөспірім қыз анасына деген ренішін тікелей айта алмаған. Өйткені анасы екеуі ешқашан өзара байланысқа келе алмаған. Осы кезде психолог араға дәнекер болып, қыздың рұқсатымен оның ойын анасына жеткізді. Нәтижесінде ана мен қыз бір-бірін түсінуге мүмкіндік алды. Қазір олар бірге уақыт өткізіп, тіпті би үйірмесіне жазылған. Бұл отбасындағы қарым-қатынастың жақсаруына оң әсерін тигізді.

Психологтардың айтуынша, қазіргі жастардың психологиялық жағдайы бұрынғы буынға қарағанда әлсіздеу. Бұған әлеуметтік желілердегі ақпараттың көптігі, жоғары талаптар мен айналадағы қысым әсер етуде.

– Бүгінгі жасөспірімдер анонимді түрде көмек алуға ұмтылады. Өйткені оларды «біреу көріп қоя ма» деген қорқыныш жиі мазалайды. Біздегі басты артықшылық – құпиялылық пен сенімділік. Сол себепті жастар бізге еркін келеді, – дейді орталық мамандары.

Әдетте жасөспірімдер 7–9 консультациядан кейін айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізеді. Бұл кезеңде олар өз сезімін дұрыс жеткізуге, ата-анасымен тіл табысуға, сенімсіздікті жеңуге үйренеді.

Мамандардың сөзінше, жастарға уақытында көмек көрсету – олардың болашағына салынған үлкен инвестиция. Өйткені психологиялық тұрғыдан мықты жас – ертеңгі қоғамның тұрақтылығы мен дамуының кепілі.