Павлодар облысында дрифт жасаған жүргізуші жазаланды

Павлодар облысында дрифт жасаған жүргізуші жазаланды
ЖИ иллюстрациясы

Ол әлеуметтік желіге жүргізілген маниторинг барысында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тәртіп сақшылары заң бұзушылықтың алдын алудың барлық жолын қарастыруда. Соңғы уақытта полицейлер әлеуметтік желілерге жиі мониторинг жүргізіп, көптеген бұзушылықты анықтауда. 

Мәселен, Ертіс ауданында ауыл көшелерінің бірінде «Мерседес» автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған бейнежазбаны анықтады. Атап айтқанда, жүргізуші маневр жасау қағидаларын бұзып, қауіпсіздік белдігін тақпаған.

Жүргізушінің жеке басы анықталды. 23 жастағы жүргізуші маневр жасау қағидаларын бұзғаны және қауіпсіздік белдігін тақпаған үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Облыстық полиция департаментіндегілер жыл басынан бері маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін 3500 құқық бұзушы, ал қауіпсіздік белдігін пайдаланбағаны үшін 6790 жүргізуші жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.

—  Жол — қауіпті маневрлерді көрсетуге немесе әлеуметтік желілер үшін бейнеролик түсіруге арналған орын емес. Бір сәттік бақылау иллюзиясы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Оның салдары жүргізушінің өзіне ғана емес, жақындарына, жолаушыларға және жол қозғалысының басқа да қатысушыларына әсер етуі ықтимал, - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторингті тұрақты түрде жүргізіп келеді. Анықталған әрбір өрескел жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі назардан тыс қалмайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.