Павлодарлық филармония жаңа концерттік маусымды мюзиклдер әуенімен бастайды

«Ertis Promenade» сахнасында «THE GREATEST SHOW» өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шара 6 қыркүйек күні сағат 19:00-де облыс орталығының бас сахнасында басталады. Павлодарлықтар әлемдік мюзиклдерден үзінділер мен отандық авторлардың сүйікті шығармаларын тыңдай алады. Бағдарламаны Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, камералық хордың жетекшісі Мадина Нұрғожинова әзірлеген.
Концерт кеші «Notre Dame de Paris» мюзиклінен «Le temps des cathedrales» композициясымен басталып, барлығы 15 нөмір ұсынылады. Хордың орындауында Бродвейдің «New York, New York», «Призрак оперы», «La-La Land» мюзиклдерінен үзінділер, сондай-ақ Алексей Рыбниковтың «Юнона мен Авось» рок-операсынан және «Анна Каренина» шығармасынан әндер шырқалады.
Бағдарламаның ерекшелігі – қазақ музыкасының алтын қорындағы туындылардың жаңа өңдеуде орындалуы. Көрермендер Шәмші Қалдаяқовтың әндерін, «Досмұқасан» тобының шығармаларын және Александр Зацепиннің «Ангел в тюбетейке» фильміндегі әнін тыңдай алады.