Екібастұз тас жолында жол бермеген жүргізушіге айыппұл салынды

Сондай-ақ ол солға маневр жасау кезінде апатты жағдай туғызған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз-Солнечный автожолында «SsangYong» маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы келе жатқан көлікке жол бермей, солға маневр жасау кезінде апатты жағдай туғызған.
– Аталған бұзушылық үшін жүргізуші жауапқа тартылып, шамамен 40 мың теңге айыппұл салынды, – дейді департаментте.
Бұдан басқа, Павлодар ауданында полиция қызметкерлері жарық аспаптарында таратушы шамдар жоқ, тұманды фараларында жарық диодты фаралар орнатылған «Lada Priora» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жүргізуші жауапкершілікке тартылып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Фаралар шамдарын LED-шамдарға, жарықдиодты немесе ксенонды шамдарға ауыстырғаны үшін 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, ал қайталап бұзғаны үшін 20 АЕК салу көзделген.
Естеріңізге сала кетейік, 18-21 ақпан аралығында өңір аумағында жолдардағы апаттылық деңгейін төмендетуге, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.