Павлодарда жетекшілері сотталған қаржы пирамидасында бес мыңнан астам салымшы болған

Павлодарда жетекшілері сотталған қаржы пирамидасында бес мыңнан астам салымшы болған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«ХАС» қаржы пирамидасының бес қатысушысы алты жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, өздерін сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер азаматтарды түрлі инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттеп, ай сайын 70 пайызға дейін пассивті табыс алуға уәде берген.

Әлеуметтік желілерде жалған акциялар белсенді түрде жарияланып, оның ішінде Астана мен Қосшы қалаларында тұрғын үй салу туралы ақпарат таралған.

Белсенді құрылыс иллюзиясын жасау үшін декорациялар мен арнайы техника жалданған. 

–  Нәтижесінде қаржылық пирамидаға бес мыңнан астам салымшы тіркелген. Сот бес қатысушыны алты жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар, зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу мақсатында салымшылардың ақшасына алынған бір миллиардтан астам теңге құны бар мүлік тәркіленді, – деді департаментте.

Активтер қатарында –  төрт пәтер, 18 автокөлік, үш жер учаскесі, автотұрақ орындары, коммерциялық емес ғимарат және есепшоттардағы ақша қаражаттары бар.

Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы. 

Қаржы пирамидасының әрекетіне тап болған әрбір азамат тұрғылықты жері бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгіне алады.

Мамандар азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырады.