Мемлекет басшысы павлодарлықтарды Қаныш Сәтбаевтың мерейтойымен құттықтады

Мемлекет басшысы павлодарлықтарды Қаныш Сәтбаевтың мерейтойымен құттықтады
Фото: Константин Шелков

Президенттің құттықтауын Парламент Мәжілісінің төрағасы жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданындағы Мойылды шатқалында Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы ұйымдастырылуда. Аталмыш мерейтойда жүзге жуық киіз үй тігіліп, мерекелік концертпен жалғасты. Алғашқы сөзді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

– Қадірлі қауым, баршаңызды ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған салтанатты жиынның ашылуымен құттықтаймын. Мерейтой аясындағы іс-шаралардың тағылымы зор екені сөзсіз. Бұл ұлттың ұлы тұлғасына көрсетілген құрмет ғана емес, білім мен ғылымның мәртебесін арттыру жолындағы маңызды қадам. Халқымыздың біртуар перзенті көптеген кен орындарын ашып, өндірістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қаныш Имантайұлының ғибратты ғұмыры келер ұрпаққа өнеге, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Парламент Мәжілісінің төрағасының өзі де көпшілікті аталмыш тоймен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. 

– Қадірлі ағайын, құрметті жұртшылық, өздеріңізбен бүгін қасиетті Баянауыл жерінде салтанатты жиында кездескеніме қуаныштымын. Ұлтымыздың мақтанышты, ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мерейтойы – барша қазақ елінің тойы. Ал бұл мерекенің қорытынды жиынын туған жері, кіндік қаны тамған жері киелі Ертіс-Баян өңірінде өткізудің мән-маңызы өте ерекше, – Ерлан Қошанов. 

Құттықтауды Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жалғастырды.

– Баршаңызбен Баянауыл төрінде жүздескеніме қуаныштымын. Біз үшін әр тасынан тарих тұнған шежірелі өңірдің орны бөлек. Ұлы даламыз ғылым мен мәдентеттің тарихи шаңырағы. Ата-бабаларымыздың мұрасы – біздің басты құндылығымыз. Сондықтан баршамызға қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың 125, алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың 135, тау тұлға Әлкей Марғұланның 120 және Шәкен Аймановтың 110 жылдығы құтты болсын, – дейді Асайын Байханов.

Айта кету керек, мерекелік концерттен бөлек қолөнершілердің көрмесі, ақындар айтысы және көкпар мен бәйге ойындары ұйымдастырылды.