Ақтоғайда қатты дауылдан зардап шеккен отбасыларға ақшалай көмек көрсетіледі
Қаражат үйдің шатырын қалпына келтіру шығындарын ішінара жабуға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғайда 26 шілде күні қатты дауылдан екі пәтерлік үйдің шатыры толығымен ұшып кеткен. Үй иелері апат болған күні аудан әкімінен жәрдем сұраған. Мөлтек көшесі, 131 үй мекенжайында орналасқан екі пәтерлі үй тұрғындарының өтініштеріне Ақтоғай ауданының әкімдігі жауап берді.
– Қолданыстағы заңнамаға және нормативтік актілерге сәйкес әкімдік жеке тұрғын үй объектілерін жөндеу үшін жауапкершілікті толық мойнына ала алмайды. Алайда материалдық көмек бағдарламасы аясында көмек көрсетуге дайын, – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ әкімдікте 007 бағдарламасы бойынша (мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына материалдық көмек тағайындау), табиғи апатқа (шатырдың зақымдануына) байланысты өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар ретінде 50 АЕК мөлшерінде, яғни 184 600 теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек ала алатынын хабарлады.
Айта кетейік, Ақтоғай ауданының әкімдігі табиғи апаттан зардап шеккендерді қолдау үшін демеушілік қаражат пен басқа да көмек көздерін тартуға күш салуда. Алдағы уақытта қосымша қолдау көрсету жоспарлануда.