Батарея жұтқан: Павлодарлық дәрігерлер үш жасар қызды аман алып қалды
Бала жансақтау бөлімшесінде 16 күн жатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, маусымның басында үш жастағы қыз бала жалпақ батареяны жұтып, 2-3 дәрежелі өңештің химиялық күйігін алған. Сәби Павлодар облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген.
– Тыныс алуының жеткіліксіздігінен баланың жағдайы ауыр болды. Пневмомедиастинум, өңештің химиялық күйігі, интоксикация диагнозы қойылды, – дейді басқармада. – Батарея эндоскопиялық жолмен алынды.
Шілденің басында қыз бала стационарлық ем алғаннан кейін ауруханадан шығарылды. Жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды.
– Статистика бойынша кішкентай балалар көбінесе тиындар, ойыншықтардың ұсақ бөлшектерін, түймелер, сырғалар, сақиналар, қағаз қыстырғыштар, инелер, түйреуіштер, тіс тазалағыштарды жұтып қояды, – дейді басқармада. – Сондай-ақ, шағын батарея, магниттер және гидрогель шарларын жұтқан оқиғалар жиі кездеседі.
Айта кетейік, жалпы соңғы бес айда 28 бала облыстық балалар ауруханасына «бөгде зат» диагнозымен түскен.
Фото: ашық дереккөздерден алынған