Павлодарда әйелін мүгедек қылған ер адам сегіз жылға сотталды

Айыпталушы өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 41 жастағы ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 24-бап 3-бөлім, 99-бап 1-бөлімі бойынша қылымыстық іс қаралды.
Ол қаңтар айында бұрынғы азаматтық некеде тұрған әйеліне қасақана ауыр дене жарақатын келтірген. Атап айтқанда, екеуі тамақ сататын павильонға жол тартқан бойда жанжалдасқан болатын. Әйел көліктің салонынан шығып, павильонға қарай жүгірген кезде айыпталушы көлігін басқара отырып оған соққы жасады. Оқиғадан кейін жәбірленушінің бір аяғына ампутация жасалды. Ол бірнеше ай төсекке танылып, ауруханада жатты.
Барлық айғақ пен дәлелдемелерді зерттеу барысында сотталушының кінәсі кісі өлтіруге оқталу дерегі сенімді түрде дәлелденді.
– Қорғаушы тарап сотқа автокөліктің ақаулы күйде екеніне сендіруге тырысты. Бірақ арнайы маман машинаның техникалық тұрғыда жарамды күйде екенін растады. Газ педалі және тежегіш ақауларды анықтаған жоқ, – деді судья Құдабай Солтанов.
Сарапшы павильоннан түсірілген бейнежазбаның кадрларында автокөліктің әйелге қарай бағытталғаны айқын көрінетінін жеткізді. Яғни, айыпталушы әйелді павильон қабырғасына қарай басып кеткені, осылайша жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын расталды. Сондай-ақ, ол соққыдан кейін әйелдің жағдайына мән бермей, бірінші кезекте көлікке алаңдаушылық білдіргені де сотта ескерілді.
Жәбірленушінің материалдық және моральдік зиянды өтеу туралы талабы ішінара қанағаттандырылды. Оның пайдасына өндіріп алу материалдық өтемақы 1 212 160 теңге, ал моральдік өтемақы 15 миллион теңге көлемінде өндіріп алынуы керек.
– Сот ер адамды 24-бабының 3-бөлімі, 99-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп тануға және оған орташа қауіпсіздік қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтей отырып, сегіз жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға үкім шығарды, – деді судья.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.