Жарығы жоқ: Павлодарда скутер жүргізушісі жазаланды
Оған екі АЕК көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жазғы кезеңде көшелер мен автожолдарда мотоциклдердің саны артып, салдарынан көліктің қатысуымен болатын апаттар артады.
Статистикаға сәйкес, жеңіл автомобиль жүргізушісіне қарағанда мотоцикл жүргізушісі үшін өлім қаупі жиырма есе жоғары болады. Көп жағдайда жол-көлік оқиғасына жүргізуші куәлігі және мотошлемі жоқ адамдар тап болады. Ағымдағы жылдың басынан бастап әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін 95 мотоцикл жүргізушісі жауапқа тартылды.
– Сағат 01.20 шамасында облыс орталығында Кирпичная көшесінде скутердің жүргізушісі тәуліктің қараңғы уақытында шағылыстыратын жарықсыз мотоцикл жүргізген. Жүргізуші жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы ережелерінің талаптарын орындамағаны үшін жауапқа тартылды, екі АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Көлік жүргізген кезде жүргізуші мен оның жолаушысы арнайы шлем киіп, мүмкіндігінше қорғаныс құралдарында болуы тиіс.
Ведомствода жазғы кезеңде скутер, велосипед тебетіндер полицияның ерекше назарында болатынын ескертеді. Полицейлер ата-аналарды балалардың көшеде және жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері туралы әңгімелесуге шақырады.