Баянауылдық оқушы университет грантын ұтып алды
Ол зияткерлік ойында Қазақстанның қалаларынан келген он білімді оқушыны басып озып, үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Алматыдағы Сәтбаев университетінде жыл сайын ұйымдастырылып отырған «Жас Сәтбаев» зияткерлік ойыны өтті. Ол мектеп оқушылары арасында білімі мен интеллектуалдық қасиеттерін көрсете алатын жас таланттарды іздеуге арналған. Зияткерлік ойында қазақ және орыс тілінде математика, физика, химия секілді техникалық пәндері бойынша сұрақтар қойылады. Сондай-ақ, оқушылар тек өз білімдерін ғана көрсетіп қоймай, шығармашылық қабілеттерін, ойлау жылдамдығын, тапқырлығын көрсетіп, әртүрлі шешімдерді көре білу қабілеттерін пайдалана білулері керек.
Жарыстың бас жүлдесін Қаныш Сәтбаевтың туған жері Баянауыл өңірінің тумасы Жылбек Ағаділов атындағы мектебінің 11-сынып оқушысы Сардар Темірхан алды.
Айта кетейік, алғашқы айналым онлайн түрінде өтті. Оған еліміздің әр өңірінен 900-дей оқушы қатысты. Ал оффлайн түріндегі екінші айналымға 10 оқушы өткен болатын.