Лионель Месси павлодарлықтардың сенімін ақтамады
Павлодарда Ertis Promenade алаңында ӘЧ-2026 финалының жаппай көрсетілімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалдық матчын көпшілік болып тамашалау ұйымдастырылды. Аргентина мен Испания құрамалары арасындағы шешуші кездесу Ертіс жағалауындағы басты сахна — Ertis Promenade алаңында көрсетіліп, оған қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды.
Матч басталмай тұрып-ақ алаңға футбол жанкүйерлері лық толды. Көрермендердің арасында Лионель Мессидің жанкүйерлері аз болған жоқ. Олар аргентиналық аңыз ойыншыдан кезекті жарқын ойын күтті. Алайда бұл үміт павлодарлық жанкүйерлердің ғана емес, Марадонаның отанындағы аргентиналықтардың да көңілінен шықпады.

Аргентина құрамасы қарсыласының қорғанысын бұза алмай, 120 минут бойы Испания қақпасына бірде-бір дәл соққы жасай алмады. Нәтижесінде әлем чемпионы атағы Испания құрамасына бұйырды.
Соған қарамастан, Павлодардағы футбол мерекесінің сәні кеткен жоқ. Бірлескен көрсетілім ерекше ынтымақ пен достықтың үлгісіне айналды. Ertis Promenade алаңына тұрғындар отбасыларымен, достарымен және балаларымен келіп, матчтың әр сәтін бірге тамашалады.

Кенеттен жауған нөсер жаңбыр мен бұршақ та жанкүйерлерді тарата алмады. Көпшілік соңғы ысқырыққа дейін алаңнан кетпей, футболға деген шынайы жанкүйерлігін көрсетті. Шараға қатысушылардың айтуынша, мұндай ашық аспан астындағы көрсетілімдер қала тұрғындарын жақындастырып, үлкен спорттық оқиғаларды бірге сезінуге мүмкіндік береді.
Павлодарлықтар осындай жаппай көрсетілімдерді жиі ұйымдастыруды сұрады. Әсіресе, Қазақстан ұлттық құрамасының матчтарын бірге тамашалау дәстүрге айналса деген тілектерін білдірді.