Павлодарда көне домбыраның таныстырылымы өтті
Домбыра Ертіс ауданынан табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қала тұрғындары әйгілі жерлесіміз, ақын, әнші-композитор Иса Байзақов ұстаған көне домбырамен танысты.
Дауылпаз ақынның өз қолымен ұстаған мұндай жәдігер өңірімізде тұңғыш рет табылып отыр.
Көне аспап жайында Исаның Үлгілі ауылындағы музейін алғашқы ұйымдастырушы, ардагер ұстаз, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Күләш Әбиева әңгімелеп берді.
– Бұл домбыраны ақын 1942 жылы туған жеріне келгенде досы Мүпти Ахметовке тарту еткен. Бұл өңіріміз үшін таңғаларлық жаңалық болып отыр. Себебі, ақынның туған жеріндегі музейлерде мұндай жәдігер жоқ, – деп атап өтті ардагер ұстаз Күләш Әбиева.
Сондай-ақ, келер жылы тұлғаның туғанына 125 жыл толады. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақынның мерейтойы қарсаңында зерттеу-іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Соның бір нәтижесі – осы көне жәдігер.
Айта кетейік, кеште сондай-ақ әнші Мағжан Ысқақ дауылпаз ақынның әндерін шырқады.