Павлодарда Наум Шафердің грампластинкалары қалаға сыйға берілмек
Бірегей жазбаларды оның жары қалаға сыйға тартпақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов мәлімдеді.
- Біздің атақты жерлесіміз өзінің көзі тірісінде әлемде теңдесі жоқ мұражайдың негізін қалаған болатын. Онда 27000 жазба жинақталған, тіпті, өткен ғасырдың сирек кездесетін жазбалары да сақталған. Бұл бірегей жазбаларды Наум Григорьевичтің жұбайы Капустина Наталья Михайловна қалаға сыйға тартатын болады, - деді шаһар басшысы.
Қала әкімінің айтуынша, композитор әрі коллекционердің жары баға жетпес жәдігерлерді сақтап және өскелең ұрпаққа жеткізуді өтінген.
- Мен осындай тамаша сыйлық үшін алғысымды білдіргім келеді. Наум Григорьевичтің ғасырға жуық уақыт бойы жинаған мұрасы мәдени құндылықтардың қатарынан өз орнын тауып, Павлодардың теңдесі жоқ байлығына айналатыны сөзсіз, - деді ол.
Шафер мұражайында 25 000 жазба, 1500 таспа, 1500 аудио кассета және үлкен кітапханасы бар.
Наум Шафер Молдовада дүниеге келген, балалық шағы Бессарабияда өткен. Содан кейін отбасы Қазақстанға көшіп келген. Ол былтыр 22 қазан күні қайтыс болды.