Павлодар облысы сотта тараптарды татуластыру бойынша көш бастап тұр
Өткен жылы бітімгершілік келісіммен аяқталған істер саны артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Азаматтық сотта тараптарды татуластыру жұмыстары бойынша облысымыз республика бойынша үздік үштікке кіреді. 2023 жылы бітімгершілік келісімімен 3718 іс аяқталды, бұл жалпы қаралған істердің 21 пайызын құрайды. Өткен жылы 3480 жағдай тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Петр Афанасиади дауларды бейбіт жолмен шешу азаматтық сот ісін жүргізудің басты міндеті екенін атап өтті.
– Алғашқы талап арыздар судьяларға жіберіледі, содан кейін азаматтық іс қозғалғанға дейін бес-он жұмыс күні ішінде тараптарды татуластыруға тырысамыз. Кез келген келісімді жасасу мүмкіндігі тараптар мен судья арасындағы әңгіме түрінде жүзеге асырылады. Егер бітімгершілікке қол жеткізу мүмкіндік болса, онда судья-медиатор келісім жасайды, - деді спикер.
Оның айтуынша, көбінесе ажырасуға, баланы тәрбиелеп асыруға, келісімшартқа байланысты дауларға қатысты істер оң тұжырыммен аяқталады.
Айта кетерлігі, биыл азаматтық істер бойынша сотқа түскен арыздар саны артқан. 2023 жылға 27 056 өтініш түсті, бұл - өткен жылмен салыстырғанда алты пайызға артық.
Сондай-ақ бір жыл ішінде аяқталған істердің саны 17 028-ден 19 551-ге дейін өсті. Бұл азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ұмтылуда белсенділік танытқанын көрсетеді.
Әсия Серікова