Павлодар облысында ең ұйымшыл отбасы анықталды

Павлодар облысында ең ұйымшыл отбасы анықталды

Өңірде «SuperFamily» байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында ұйымдастырылған қуаныш пен командалық рухқа толы шарада ең мықты және ұйымшыл атағына таласқан 19 тамаша отбасы қатысты. 

Қатысушылар үш кезеңде өздерін көрсетті. Олар дәлдікпен доптарды себетке лақтырды, арқан тартысты және «Қаппен жүгіру» эстафетасына қатысты. 

Бірінші орынды Жұмабаевтар отбасы қанжығасына байлады. Екінші орынды  Әбікейевтер отбасы, ал үшінші орынды Қуандық отбасы иеленді. 

– Отбасыларға қолдау көрсетуге жанкүйерлері келіп, шарада ерекше бірлік пен эмоцияларға толы атмосфера орнады, – деді жастар бастамаларын дамыту орталығында. – Кішкентай қонақтарымыз үшін бет-әлпетке аквагрим жасайтын аймақ жұмыс істеді, мұнда балалар беттеріне сүйікті жануарлары мен гүлдерін салғыза алды.

Оған қоса, екі көңілді аниматор балаларды ойнатып, арнайы дайындалған фотозонада жарқын суреттер жасалды.