Ертіс ауданының тұрғындары ауызсуға қарық болды
Соңғы 5 жылда ауылда 13 су құбыры тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Бұл туралы Ертіс ауданының әкімі Болатбек Каримов айтты.
– Ауданда су мәселесі бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соңғы 5 жылда 13 ауылда 3,3 миллиард теңгеге су құбырлары салынды. Осылайша, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту 26 елді мекенде толық жүзеге асты. Орталықтандырылған суды 17 ауыл пайдаланады. Аудандағы Тоғызақ, Степное, Кеңес, Қараөткел ауылдары Беловод топтық су құбырына қосылған, су жинайтын колонкалармен қамтылған. Ал, Қызылқақ ауылы жергілікті су көздерін пайдаланады. Биылғы жылдың соңына дейін мұнда су құбыры салыну көзделуде, – деді Болатбек Каримов.
Спикердің айтуынша, аудан көлемінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолға алынған.
– Ертіс ауданында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтау жүйесін дамытуға 606 миллион теңге бөлінді. Қосағаш ауылында 13,4 шақырым су құбырының құрылысына 98 милион теңге, Ұзынсу ауылында 11,1 шақырым 100,7 миллион теңгеге жұмыстар аяқталу сатысында. Сонымен қатар, Қызылқақ ауылында 407,4 миллион теңгеге су құбырын салу жұмыстары жүргізілуде,– деді аудан әкімі.
Аудандық бюджет есебінен Ертіс ауылындағы су құбыры желілерін реконструкциялауға жобалық құжаттама әзірленді. Келесі жылы аудан орталығында су құбырын қайта жаңартуға 27,8 миллион теңге бөлу жоспарлануда.
Сілеті, Қызылағаш ауылдарында су құбырларын тарту және Ленин ауылында су құбырын қайта жаңарту қажеттілігі бар.
Сонымен қатар, аудан әкімі аталмыш жобалар іске асырылса, 2025 жылға қарай ауылдықтар сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 100% құрамақ.
Фото: Константин Шелков