Павлодарда тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша тексеру екі есеге көбейді
Департаментпен ағымдағы жылы 78 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлу Әубәкірова мәлім етті.
Департаменттің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы негізгі функциялары – тұтынушылардың өтініштерін қарау. Бұл ретте, ағымдағы жылы департаментпен 658 өтініш қаралды.
Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша барлығы 32 миллион теңгеден астам ақшалай қаражат қайтарылды. Айта кетерлігі, бүгінгі күні мәжілісте тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасы қаралуда, оның ішінде онлайн саудада түзетулер ұсынылады.
– Келіп түскен өтініштердің қорытындысы бойынша департаментпен 2024 жылдың 5 айында 78 жоспардан тыс тексеру жүргізілген, – деді Нұрсұлу Әубәкірова. – Ал 2023 жылдың ұқсас кезеңінде – 30 тексеру. Оның ішінде 20 тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тексеру жүргізілді.
Сондай-ақ, департамент тоғыз сот процесіне қатысқан. Оның ішінде сот төрт талап арызды қанағаттандырды. Олар бойынша сот шешімімен тұтынушылардың пайдасына жалпы сомасы 698 мың теңгеден астам ақша қаражаты өндірілді.