Павлодар облысында жалған шот-фактура жазған қарағандылықтар жазаланды
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, топ мүшелері алдын ала сөз байласу арқылы әрекет еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында бірнеше өңірдегі кәсіпорындарға жалған шот-фактура жазумен айналысқан адамдар тобына қатысты айыптау үкімі шығарылды. Сотталғандардың арасында бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте және Қарағанды облысының полиция департаментінде жұмыс істеген қызметкерлер бар.
Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, топ мүшелері алдын ала сөз байласу арқылы әрекет еткен. Жалған шот-фактуралар Павлодар облысында рәсімделіп, олардың контрагенттері Астана, Қарағанды және Қостанай облыстарында орналасқан кәсіпорындар болған.
- Бұл адамдар алдын ала сөз байласқан топ құрамында Павлодар облысының аумағында шот-фактуралар жазумен айналысқан. Олар қашықтан жұмыс істеп, ақшаны Қарағанды қаласында қолма-қол ақшаға айналдырған. Тергеу ісі күрделі болғанына қарамастан, біз істі айыптау үкіміне дейін жеткіздік, — деді Павлодар облысы бойынша ЭТД басшысының орынбасары Ғалиаскар Қасымов.
Департаменттің мәліметінше, іс бойынша фигуранттардың бірі бұған дейін де нақты жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей немесе тауарлар жөнелтілмей шот-фактура жазу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Ведомство мұндай схемаларға қатысушылардың жауапкершілігі олардың қылмыстағы нақты рөліне қарай белгіленетінін атап өтті. Ұйымдастырушы схеманы құрып, оның жұмысын үйлестірсе, басқа қатысушылар орындаушы немесе сыбайлас ретінде шот-фактураларды тікелей рәсімдеуге, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға немесе жалған кәсіпорындар тіркелетін тұлғаларды іздеуге қатысуы мүмкін.
Мұндай схемаларды тергеу кезінде компаниялардың қаржылық көрсеткіштері мен шаруашылық қызметі туралы мәліметтерге талдау жүргізіледі. ДЭР мамандарының айтуынша, кәсіпорынның айналымы жоғары болғанымен, мәлімделген қызметті жүзеге асыруға қажетті ресурстары болмаған жағдайда бұл қосымша тексеруді қажет ететін белгі болуы мүмкін.