Павлодар тұрғыны тың мәселеге тап болды

Павлодар тұрғыны тың мәселеге тап болды
Фото: Константин Шелков

Ол Шымкентке баруға билет сатып алса, оңтүстік мегаполистен қайтар билеттерді сатып алмай қиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық Айбек Ғалымбекұлы отбасымен бірге 24 қазанға «Павлодар – Түркістан» пойызына Шымкент бағытына плацкарт орындарына билет сатып алған. Алайда кері бағытқа билет ресімдегенде қиындық туындады. «Қазақстан темір жолы» сайты мен Freedom сервисінде Шымкенттен плацкарт орындары табылмады. Call-орталығында оған не купе билеттерін, не плацкартты тек бастапқы станция – Түркістаннан ғана сатып алуға болатыны айтылды.

Мамандар мұны «қалыпты тәжірибе» деп түсіндірді. Дегенмен жолаушыға бұл жүйе қисынсыз болып көрінді.

Мәселені «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеев түсіндірді. Оның айтуынша, билет сату пойыздың бүкіл бағыты бойынша біркелкі толтырылуына қарай жүргізіледі.

— Ең алдымен билет сату бастапқы станциядан соңғы пунктке дейін жүретін жолаушыларға ашылады. Бұл бағыттың бөлшектенуін болдырмайды әрі жылжымалы құрамды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді, — деді ол.

Сондай-ақ Нариман Дүйсекеев аралық станциялардан мінетіндер үшін алдын ала сатуға белгілі бір квота бөлінетінін, ол сұранысқа қарай түзетілетінін айтты. Ал пойыз қозғалғаннан кейін бастапқы станциядан сатылмай қалған орындар аралық бағыттарға қолжетімді болады.

— Жолаушы сұраған станциядан орын болмаған жағдайда, кассир немесе анықтама бюросының операторы барлық қолжетімді нұсқаларды ұсына алады. Соңғы шешім әрқашан жолаушының өзінде, — деп қосты компания өкілі.

Ал, Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдышев негізгі мәселе азаматтарды ақпараттандыруда деп есептейді. Ол барлық қолжетімді байланыс арналарын: ресми веб-сайтты, әлеуметтік желілерді және ұялы байланыс қызметтерін белсенді пайдалану қажеттігін атап өтті.

— Тұтынушы көрсетілетін қызмет туралы ақпаратты талап етуге және жазбаша түрде облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге құқылы. Қажет болған жағдайда департамент «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на немесе «ҚТЖ» ұлттық компаниясына сұрау жолдайды. Егер заңбұзушылық анықталса, іс сотқа жіберілуі мүмкін. Бірақ ол Астанада қаралады, себебі компаниялардың орталық кеңселері сонда орналасқан», — деді Дәулен Қабдышев.

Айбек Ғалымбекұлының жағдайы алыс сапар пойыздарына билет сату жүйесі ашықтық пен жолаушыларға ыңғайлы түсіндіруді қажет ететінін көрсетіп отыр. Әзірге мұндай жағдайда тұрғындарға тек бастапқы станциядан билет алу немесе балама жолды қарастыруға тура келеді.