Павлодар облысының тұрғындары зиянды жұмыс істегені үшін қанша алады?
Аймақта бұндай жұмыстарда 50 мыңнан астам тұрғын қызмет атқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедова мәлім етті.
– Облыста қызметкерлердің денсаулығына кері әсер ететін үш жүзге жуық кәсіпорын бар. Мұндай салаларда 57 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін арнайы әлеуметтік төлемдерге жүгіне алады, – дейді Алмагүл Мұхамедова.
Арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың бірнеше шарттары бар. Аталмыш төлемді алу үшін жұмыскердің жасы 55-тен асу керек әрі 7 жыл немесе оданда көп уақыт міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын төлеуі және еңбек қызметін тоқтатуы қажет.
Бірінші жағдайда қызметкерге Бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді ескере отырып, 189 628 теңгеден және одан жоғары жалақы төленеді. Арнайы әлеуметтік жәрдемақы алу үшін зиянды өндірісте жұмыс істейтін адам жұмыстан босатылуы немесе зиянсыз жұмысқа ауыстыру туралы өтініш беруі керек.
Айта кету керек, егер аталмыш жұмысшы төлем алу құқығын іске асыра отырып, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарға орналастырылса, онда барлық төлемдер автоматты түрде тоқтатылады.
Арнайы әлеуметтік төлемдерге тек тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтіндер ғана емес, рентгенологтар мен ультрадыбыстық зерттеу дәрігерлері де жүгіне алады.