Павлодарлық депутат мәслихаттағы орнын ерте босатты
Ол №10 округтен өкілді органға сайланған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Басқа облысқа көшуіне байланысты Қазбек Әметов қалалық мәслихаттың депутаты ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл туралы ақпаратты кезекті сессияда қалалық мәслихаттың төрағасы Қобланбек Қожин мәлімдеді.
Сонымен қатар, сессия барысында парламенттік қоғамдастыққа павлодарлықтар зейнеткер әріптестерінің орнына сайлаған жаңа депутаттар таныстырылды. № 22 және 2 сайлау округтерінде дауыстың көбін «Қазақстан алюминийі» АҚ кадрлар және мәдениет жөніндегі директоры Жансая Әлжанова мен «Бейбарыс» жекпе-жек орталығының жетекшісі Болат Сүлейменов алды.
Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Зәуреш Мұқашева қалалық мәслихаттың жаңадан тағайындалған депутаттарын құттықтап, оларға тиісті куәліктерін табыс етті.
Еске сала кетейік, 30 наурыз күні екі сайлау округінде қосымша сайлау өткен еді. Барлығы 4422 сайлаушы дауыс берді.