Павлодарлық жас тігіншілер 20 минут ішінде той көйлегін тікті

«Тігін өндірісі және киімді модельдеу» мамандығы бойынша «Fashion Forward» облыстық байқауын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қызмет көрсету саласы колледжінде өткен конкурсқа Қ.Пішембаев атындағы Екібастұз тау – кен техникалық колледжі және Қазтұтынуодағының Павлодар Жоғары экономикалық колледжінен үш команда қатысты. Әр командада 4 қатысушы болды. Олар екі кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындады. Бірінші кезең – теориялық, екіншісі – практикалық.
Теориялық кезеңде командалар бейнеролик, презентация немесе тікелей эфир арқылы өздерін таныстырды. Сонымен қатар, команда капитандары блиц сауалнамаға жауап берді. Барлық команда мүшелерін жылдамдыққа арналған логикалық тапсырмалар орындады. Оған қоса, айқын емес мәселелердің шешімдерін іздеп, күтпеген қиындықтардан шығу жолын көрсетті.
– Практикалық кезеңде өнімнің стилистикалық дизайнын бақылау мүмкін болды. Командаларға негізгі бұйымдар, манекендер берілді. Олар романтикалық және этно-стильде декорды 150 минут ішінде орындады. Кейін дефиле форматында өнімнің дайын күйі көрермен мен қазылар алқасының назарына ұсынылды, – дейді облыстық білім беру басқармасының техникалық кәсіптік білім беру оқу әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Айнұр Иманшәріпова.
Практикалық екінші тапсырма – той көйлегінің муляжын жасау. Жас тігіншілер сахна үстінде, көрермендердің алдында бес метрлік матадан 20 минут ішінде «Haute couture» көйлегін тігіп, презентация жасады.
– Осылайша, біз студенттердің дайындық деңгейін, олардың арасындағы жарқын таланттарды анықтауға мүмкіндік берді. Колледждердің әлеуметтік серіктестерін тәуелсіз сарапшылар ретінде шақырып, тәуелсіз сыртқы бағалау ала алдық, – дейді Айнұр Иманшәріпова.
Оған қоса, маман байқау арқылы жұмысшы кәсіптерінің беделі мен имиджін арттырып, студенттердің кәсіби өсуін қолдауға және оқушылар үшін кәсіби бағдарлауды дамытуға мүмкіндік туғанын атап өтті.