Павлодарда Ұлы даланың мыңжылдық тарихы қабырғаға бейнеленеді

Павлодарда Ұлы даланың мыңжылдық тарихы қабырғаға бейнеленеді
Фото: видеодан скриншот

Муралда көне қалалар мен тарихи дәуірлер көрініс табады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Өнерлі шаһар» жобасы аясында Қарағандыдан келген Александр мен қостанайлық Никита Павлодарда екінші туындысын салуда. Ұлы дала мен Ертіс өңірінің мыңжылдық тарихына арналған композиция Естай көшесі, 83/1 мекенжайындағы ғимараттың қабырғасына түсірілуде.

Қылқалам шеберлері эскизді әзірлемес бұрын музейге барып, тарихи деректерді зерделеп, мамандармен кеңескен. Жұмыс барысында Қимақия қаласының көркем бейнесі, Ертіс-Баян өңірінен табылған Қимақ дәуіріне жататын арба, көне жартас суреттеріне сілтемелер мен дәстүрлі киіз үй сияқты тарихи-мәдени нышандар енгізілген.

– Ертіс өзені – композицияның орталығы. Оның жағалауы Қимақ қағанаты, Алтын Орда және Қазақ хандығы сияқты тарихи кезеңдерді көрді. Эскизді жасамас бұрын музейге барып, тарихты зерттедік, мамандармен сөйлестік. Композицияны абстрактілі стильде жасадық. Муралы­мыз Павлодардың орталығына үйлесімді кірігіп, қаланың көрнекті әрі жарқын нысандарының біріне айналады деп үміттенеміз, – дейді суретшілер.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Өнерлі шаһар» жобасы аясында Павлодарда Қыз Жібек бейнесі мен ұлттық мәдениетті дәріптейтін «Күлім көз, күмбір күй» атты екі мурал салынған болатын. Александр мен Никита бірлесіп бұған дейін Малайсары батырға арналған муралды салған еді.