Павлодар тумасы әлемдік сән индустриясын бағындырды
Арман Смаил культтік дизайнердің сән көрсетілімінде алғаш рет өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Павлодардан шыққан 20 жастағы Арман Смаил әлемдік сән индустриясында өз есімін қалыптастыруға қадам басты. Жас модель культтік дизайнер Рик Оуэнстің сән көрсетілімінде алғаш рет өнер көрсетіп, халықаралық подиумдағы дебютін сәтті аяқтады.
- Арманның өмір жолы сән әлемінен емес, музыкадан бастау алған. Ол Павлодар қаласында музыкалық колледжді тәмамдап, джаз бағытындағы барабаншы ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда жас өнерпаз Алматы қаласындағы консерваторияның бірінші курсында білім алуда. Музыка – оның болмысының ажырамас бөлігі, - делінген хабарламада.
Модель болу Арманның жоспарында болмаған. Алайда үш ай бұрын оның өмірінде күтпеген бетбұрыс орын алып, жас музыкантты Bacca Models агенттігінің скауты байқап, көп ұзамай ол халықаралық деңгейдегі IMG Models Paris агенттігімен келісімшартқа қол қойды. Бұл – әлемдік сән сахнасына апарар маңызды қадам.
Арман музыкадан қол үзбек емес. Оның басты арманы – Еуропадағы консерваториялардың біріне оқуға түсіп, джаз өнерін кәсіби деңгейде дамыту және сонымен қатар модельдік мансапты да қатар алып жүруді мақсат етеді.
Қазақ жастарының әлемдік сән сахнасында бой көрсетуі – отандық таланттардың әлеуеті зор екенін дәлелдейді. Павлодарлық Арман Смаилдың жеткен жетістігі соның бір дәлелі.