Павлодарда оқушылар арасында үздік айтыскер анықталды
Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының әдеби мұрасын насихаттап, классикалық әдебиетті оқуға қызығушылықты арттыру, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Ертіс дарыны» аймақтық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің базасында 8-11-сынып оқушылары арасында «Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық айтысының облыстық кезеңі өтті.
Айтысқа Павлодар қаласының № 33, 35, М. Жүсіп, Қ.Бекқожин атындағы мектептерінен қалалық кезеңнің төрт жеңімпазы қатысты.
Жыр додасы «Тақырыптық айтыс» және «Қайым айтысы» бағыттар бойынша ұйымдастырылды.
– Айтыста қатысушылардың ақындық қабілеттері, импровизация, тақырыпты аша білу, шешендік, орындаушылық шеберліктері ескерілді, – деді қалалық білім беру бөлімінде.
Байқау қорытындысы бойынша I дәрежелі дипломмен № 33 мектептің 9-сынып оқушысы Еркеш Қажет, II дәрежелі дипломмен М.Жүсіп атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Темірлан Шахмарданов және Қ.Бекқожин атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Заңғар Мұрат, ал III дәрежелі дипломмен № 35 мектептің 9-сынып оқушысы Саида Манат марапатталды.