Павлодарда жаңадан екі марал пайда болды

Павлодарда жаңадан екі марал пайда болды
Фото: видеодан скриншот

Шаһардың көркін ашатын тың туындылар «Өнерлі шаһар» жобасы аясында салынуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімінің мәлімдеуінше, облыс орталығындағы тағы бір ғимараттың қасбетін қазақтың лиро-эпостық жырының басты кейіпкері, сұлулықтың, махаббат пен адалдықтың символы – Қыз Жібектің бейнесі көріктендірді.

Муралда Қыз Жібектің образы кең-байтақ қазақ даласында, құлпырған қызғалдақтардың арасында би билеп тұрғандай әсерлі әрі қимылға толы бейнеде суреттелген.

Композицияның ерекше бөлшегі – қазақтың көрнекті суретшісі Гүлфайрус Ысмайылова «Қыз Жібек» фильмінің түсірілімі үшін арнайы жасаған әйгілі камзолы бар. Бұл туынды ұлттық мәдени мұра мен қазақ кинематографиясының тарихын өзара сабақтастырады.

Осылайша, заманауи көше өнері арқылы бірнеше ұрпаққа таныс ұлттық бейнелер қала кеңістігінде жаңаша көрініс табуда.

Назарбаев даңғылы, 233 мекенжайындағы жаңа туындыны Астана қаласынан келген Art Game шығармашылық командасы салды.

Ал екіші марал Павлов көшесі, 91/1 мекенжайындағы көпқабатты үйдің қасбетіне салынған «Күлім көз, күмбір күй» деп аталатын туынды. Мұнда ұлттық мәдениетінің әсемдігі кеңінен дәріптеледі. 

–  Арудың мейірімге толы жанарынан, әсем әшекейлері мен ұлттық киімінің жарасымынан қазақ мәдениетіне тән ерекше сұлулық пен талғампаздық сезіледі. Композицияда домбыраның орны бөлек. Бала кезімізден құлағымызға сіңген оның қоңыр үні туған жерге деген сағынышты оятып, халқымыздың тарихы мен ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан асыл дәстүрлерін еске салады, – делінген хабарламада.

Бұл мурал – жай ғана әсем сурет емес. Ол – төл мәдениетімізді қастерлеудің, ұлттық мұрамызды аялап, тамырымыздан ажырамаудың маңызын еске салатын көркем туынды.

Өйткені халқымыздың шынайы сұлулығы тек ұлттық киім мен өнерде ғана емес, сол құндылықтарға деген жүрек жылуымыз бен құрметімізде жатыр.

Муралды Алматы қаласынан келген суретшілер салды.

Еске сала кетейік, жуырда ғана Қарағандыдан келген Александр мен қостанайлық Никита бірлесіп Малайсары батырға арналған муралды салып бітірген еді. Туынды Малайсары батыр көшесіндегі №37 үйдің қаптал қабырғасына салынған болатын. 

Облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Өнерлі шаһар» жобасы аясында қалада барлығы 20 ауқымды мурал салынады.