Павлодарда кімдер көршілерінің тыныштығын бұзады?
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері тыныштықты бұзған бір жарым мыңға жуық адамды анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көбінесе көршілерінің түнде қатты музыка қойып, караокеде ән айтатыны, айқайлап, шу шығаратыны туралы шағымдар түседі.
– Сағат 02:33-те полицияға Толстой көшесіндегі үйдің тұрғындарынан көршілері қатты музыка тыңдайтыны туралы шағым түсті. Олардың айтуынша, күні-түні даңғырлаған музыка мазаны алады, демалыс күндері таң атқанға дейін жиһазды жылжытып, шаңсорғышпен шаң сорады, – дейді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжин.
Ал сағат 01:30-да Құдайбердиев көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғыны портативті бағанды жоғары дыбыста қолданған. Тексеру барысында бұл ақпарат расталды. Учаскелік инспектор хаттама толтырып, меломанның мұндай әрекеттері заңды бұзатынын түсіндірді.
Полиция департаменті түнгі уақытта тыныштықты бұзу 5 АЕК немесе 18640 теңге көлемінде айыппұл салуға әкелетінін еске салады. Ал бір жыл ішінде қайта бұзылған жағдайда – 10 АЕК немесе 36 920 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.
Жұмыс күндері сағат 22:00-ден 9:00-ге дейін және демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштықты сақтау қажет.