Павлодарда «Қорғау» жүйесі алимент төлемеген әкені ұстап берді
Автокөлік борышкер қарызын толық өтегенге дейін айып тұрағында болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала көшелерін патрульдеу кезінде тәртіп сақшыларының қызметтік планшетінде орнатылған «Қорғау» бағдарламасы құқық бұзушы басқарған ВАЗ-21150 көлігі туралы сигнал жіберген.
– Оған екі миллион теңгеге жуық сомаға алимент төлемегені үшін бұғат қойылғаны анықталды. Борышкер сот шешімін елемей, көлікті жүргізуді жалғастырды. Алайда көлігі айып тұрағына қойылды және қарызын толық өтегенге дейін сонда болады, – деп хабарлады Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Жыл басынан бері ғана Павлодар қаласында аталған жүйемен 17 автокөлік анықталды, олардың иелерінің жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам қарызы бар.
Айта кетейік, «Қорғау» жүйесі көлік ағынында қауіпті жүргізушілерді, автокөлігі іздеуде жүрген, жүргізуші құқығынан айырылған және техникалық байқаудан өтпеген жалған нөмірлерді жылдам анықтауға мүмкіндік береді.