Павлодарда тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегі тағайындалады
Аталған әлеуметтік көмектің мөлшері коммуналдық қызметтерге жұмсалатын нақты шығын мен отбасының табысына қарай есептеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қаладағы аз тқамтылған азаматтарға коммуналдық қызмет ақысын төлеу үшін тұрғын үй көмегі берілетінін хабарлады.
– Аталған әлеуметтік көмектің мөлшері коммуналдық қызметтерге жұмсалатын нақты шығын мен отбасының табысына қарай есептеледі. Бұл ретте тұтынушының шығынының шекті рұқсат етілген деңгейі бес пайыз көлемінде бекітілген. Көмекті алуға қалада тұрақты тіркеуі бар, меншігінде жалғыз баспанасы бар аз қамтылған азаматтар, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алған жалдаушылар құқылы, – деді ведомствода.
Тұрғын үй көмегін рәсімдеу үшін азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) жүгінуі тиіс. Ол үшін келесі құжаттар қажет:
- жеке куәлік;
- алдыңғы тоқсандағы отбасының табысын растайтын құжаттар;
- коммуналдық қызметтерге (жылу, су, электр энергиясы, газ және т.б.) арналған алдыңғы тоқсанға арналған шоттар;
- байланыс қызметтеріне арналған түбіртектер немесе келісімшарт;
- жалдау шарты (бар болса);
- 20 таңбалы банк шоты.
Қосымша ақпарат алу үшін 32-17-28 телефоны арқылы хабарласуға болады.