Павлодарда ротвейлердің иесіне айыппұл салынды
Иттің иесі үй жануарларын ұстау ережелерін екінші рет бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындардан көшеде тұмылдырықсыз жүгіріп жүрген ротвейлер туралы хабарлама түскен. Осыған байланысты қала тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК 407-2-бабы, 2-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
«Сондай-ақ, полиция қызметкерлері қала тұрғынымен үй жануарларын ұстау ережелерін қатаң сақтау туралы алдын алу әңгімесін өткізді. Басқа жағдайда тұрғындар шығыс төбетінің көшеде тұмылдырықсыз серуендеп жүргеніне шағымданды. Шақыруға келген учаскелік полиция инспекторы иттің иесін жауапқа тартты. Ережені елемеген құқық бұзушыға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - деді Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Полиция ережелерге сәйкес аулаларда, ойын алаңдарында, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің учаскелерінде, мектеп аулаларында, денсаулық сақтау мекемелерінің емдеу-алдын алу және медициналық мекемелерінің аумақтарында, стадиондарда, саябақтарда, бауларда иттер мен мысықтарды серуендетуге тыйым салынғанын еске салады. Егер жануар кіреберістерде, баспалдақтарда, спорт алаңдарында, ойын алаңдарында, көгалдарда, тротуарларда, саябақтар мен алаңдарда нәжіс қалдырса, оларды иттер мен мысықтардың иесі тазалайды. Сонымен қатар, иелері иттердің қоғамдық орындарда қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз жүруіне жол бермеуі керек.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері жануарлардың 89 иесі жануарларға қарау бойынша жауапкершілікті сақтамау фактісі үшін жауапқа тартылған.