Асфальт болмаған: Аққулы ауданында көліктер кедергісіз жүйткитін болды

Асфальт болмаған: Аққулы ауданында көліктер кедергісіз жүйткитін болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аудандағы жөндеу жұмыстары жүргізілген учаскелер тексерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданында төрт кірме жол, сегіз ауыл көшесі және екі ауыл арасындағы аудандық маңызы бар жол жөнделді. Олардың жалпы ұзындығы 43 шақырымды құрады. Ауданда барлығы сегіз ауылішілік көшеге асфальт төселді. Атап айтқанда,  Черное, Аққулы, Қызылқоғам және Ямышево ауылдарына жасалды.

«АЗА» ЖШС мердігерлік ұйымы облыстық маңызы бар Аққу-Қазы-Майқарағай, Черное-Қазы-Баймолды автожолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Шарбақты, Төсағаш ауылдарына кіреберіс жолдарды жөндеп берді.

Сондай-ақ мердігерлер Мерғалым және Малыбай ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар жолдарға асфальт төседі.

Жөндеу жұмыстары мен жол құрылыс материалдарының сапасын жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы Павлодар филиалының мамандары тексерді.

– Аққулы ауданындағы жөндеу жұмыстары жүргізілген учаскелерге 18 рет шығып, 73 жол құрылыс материалының сынамасын алдық. Сынақтардың нәтижесінде алты үлгі талап етілетін стандарттарға сәйкес келмеді. Оның үшеуі жөндеу жұмыстары кезінде жойылды, қалған үшеуі жойылуда, – дейді филиал инженері Қуанышбек Рахманбердиев.

Айта кетейік, биыл жалпы ұзындығы 258,2 шақырымды құрайтын аудандық деңгейдегі жолдарға арналған 38 жоба жүзеге асырылуда.