Павлодарда облыстық жайдарман маусымы өз мәресіне жетті
Бұл додада Ленин кентінің құрамасы үздік атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінің мәжіліс залында облыстық жайдарман ойындарының финалдық кезеңі ұйымдастырылды. Бұл додада 11 команда сынға түсіп, өздерінің әзілдерін ұсынды.
Ойынның шымылдығын Павлодар қаласының Абай атындағы дарынды балаларға арналған № 10 гимназиясының құрамасы – «Ұнамаса қарама» командасы ашса, екінші болып Торайғыров университетінің «36:6» командасы өнер көрсетті. Олардан бөлек, Марғұлан университетінің «Қалың малым бес миллион», Торайғыров университетінің «Анастасия» құрамалары, Ақсудан келген «Нағашы» моно командасы, педагогикалық колледж студенттерінен құрылған «Күнделік», Ленин кентінің «One House», ақтоғайлық «Музарт кайф», Марғұлан университетінің «Низам» жайдарманшылары, Баянауылдық «Сапашев» моно командасы, «Білім-инновация» лицейінің «Синдикат» құрамасы өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша, «Үздік ханшайым» номинациясын «Қалың малым бес миллион» құрамасының қыздары алса, «Үздік ойыншы» аталымы «Синдикат» құрамасысының капитаны Денис Романовқа берілді. Жүлделі үшінші орын ақсулық «Нағашы» моно командасына, екінші орын «Низам» құрамасына бұйырды. Бірінші орынды Ленин кентінің «One House» құрамасы жеңіп алды.
Айта кету керек, «One House» құрамасы «Солтүстік» лигасында да өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ, бұл команданың ойыншылары республикалық «Бас лигаға» шығуда.