Өткеннің реңкі: Потанин музейінің тарихи келбеті қандай болмақ?

Жобаның басты мақсаты – ғимараттың тарихи образын сақтау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Арман Әлиакпаровтың айтуынша, 130 жылдық ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары бастапқыда 2027–2028 жылдарға жоспарланған. Алайда жағдай шұғыл араласуды талап етті.
– Елімізде мыңдаған мәдени сәулет ескерткіші бар. Олардың барлығын бір уақытта қалпына келтіру мүмкін емес, белгілі бір кезек бар. Біздің кезек 2027–2028 жылдарға сәйкес келетін. Бірақ ғимараттың қасбет элементтері бұзыла бастады және тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төнді. Сондықтан біз шұғыл түрде демеушілер іздеуге кірістік, – деді Арман Әлиакпаров.
Жұмысты «Қазреставрация» мамандандырылған компаниясы жүргізуде, себебі ғимарат ҚР Мәдениет министрлігінің республикалық ескерткіштер тізіміне енген. Сәуір айында ERG компаниясымен үшжақты келісімшарт жасалып, мамырда қалпына келтіру жұмыстары басталды. Демеушілер 50 миллион теңге бөлді.
– Мұндай жұмыстарды тек осы компания ғана орындай алады. Басқаларда қажетті біліктілік пен рұқсат жоқ. Біз сол кезеңнің технологияларын сақтауға тырысамыз. Әрине, қазіргі заманғы бояулар, құрылыс материалдары және металл қолданылады. Бірақ, мысалы, фальцты шатыр – бұл қымбат технология. Мамандар металл парақтарын қолмен жасап, арнайы фальц құлыптарын құрастырады және шатырды ішінара ауыстырады, – деп түсіндірді музей директоры.
Кірпіш қалауында да қиындықтар туындады, жауын-шашын салдарынан кірпіш екі сантиметрге дейін бұзыла бастаған. Қалпына келтіру тәжірибесінде мұндай материал «деструктивті кірпіш» деп аталады.
– Алдымен оны арнайы құраммен сіңіріп, нығайтады, содан кейін бірнеше қабат бояу жағылады. Біз мұрағаттық фотосуреттер мен тарихи материалдарды зерттедік, суреттерді салыстырдық. Ескі фотоларда ғимарат құм-сары реңкке ие. Біз жарқын реңк қосуға шешім қабылдадық, қазір ол ашық сары. Бірақ уақыт өте келе ғимараттың түсі күңгірттеніп, тарихи келбетіне дәл сәйкес келеді деп күтеміз, – деп бөлісті Арман Әлиакпаров.
Реставрация жұмыстары қазан айында аяқталады деп жоспарлануда.
Еске салайық, музей 1942 жылы құрылған, ал 1959 жылы Орта Азияны зерттеген саяхатшы Григорий Потаниннің есімі берілген. Бүгінде музей қорында 100 мыңнан астам жәдігер сақталған. Музейдің филиалы – Багаев музей-үйі де жөндеуді қажет етеді. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, оны жөндеуге 96 миллион теңге керек.