Павлодарлық студенттер Мұқағалиға арнап ерекше кеш ұйымдастырды
Кеш қойылым түрінде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университеті студенттерінің ұйымдастыруымен Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби кеш өтті. Студенттер ақынның өлеңдерін жинақтап, қойылым түрінде көрсетті. Жастар өлеңді барынша көрерменнің жүрегіне жеткізу үшін мәжіліс залын ерекше форматта безендірген.
– Бұл кеште он бес студентіміз өнер көрсетті. Дайындыққа шамамен екі жұмадай уақыт кетті. Қойылымда әртістер тек өлеңмен сөйлейтін болған соң бірінші жұма өлеңдер жаттадық. Ал екінші жұма актерлік шеберлікке көбірек көңіл бөлдік, – дейді жастар саясаты департаменті студенттік филармониясының маманы Арайлым Сүндет.
Ұйымдастырушының айтуынша, алдағы уақытта мұндай кештер жалғасын табады. Ол ақындардың туған күніне арналған осындай кештерді жиі өткізген дұрыс екенен айтады. Бұған дейін де университеттің ақын студенттері жеке кеш ұйымдастырып, көрерменді тамсандырған.
Кеш соңында «Құс қанат ғұмыр» әдеби бірлестігінің негізін қалаушы Нұрсерік Еділбай өзінің ақынға деген арнауын оқыды. Сонымен қатар ашық микрафонға студенттер өздерінің ізгі тілектерін білдіріп, ақынның өлеңдері мен өз өлеңдерін оқып берді.