Павлодарда Шекспирдің сирек кездесетін кітаптар көрмесі өтті
Кітаптарды Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрында көруге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының фойесінде «Кітап және сахна» жобасының аясында «Шекспир – барлық уақытта» атты көрмесі өтті.
С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қызметкерлері отандық және әлемдік әдебиеттер туындылары бойынша кітаптарды сұрыптап, оларды көрмеге қоюға дайындады. Көрмені ұлы ағылшын драматургі, ақын, актер Уильям Шекспирдің «Ричард III» қойылымының премьерасы алдында ашты. Кітаптар көрмесін қойылым күндері көруге болады
Көрмеге Шекспирдің қазақ және ағылшын тілдеріндегі шығармалары, оның өмірі мен қызметі туралы әдебиеттер мен 100-ге жуық басылым қойылған. Олардың арасында сирек кездесетін қордың бірегей кітаптары 1939 жылы жарық көрген «Шекспир» мақалалар жинағы және 1947 жылы «Жизнь замечательных людей» сериясынан шыққан М. Морозовтың «Шекспир» кітабы бар. Пластинкаларда «Отелло» трагедиясынан және «Укрощение строптивой» комедиясынан көріністер қойылған.
–Көрме қойылымды тамашалауға келген адамдар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Театр актерларына да осындай бастама қатты ұнады,– деді облыстық кітапхананың директоры Шолпан Шаяхметова.
Театр фойесінде кітап алмасу үшін bookcrossing ұйымдастырады. Ол жерде қазақ және орыс тілдерінде түрлі тақырыптар бойынша 100-ден астам кітап ұсынылды. Кез келген көрермен ұнаған кітабын үйге алып, орнына басқа кітапты қоя алады.
Айта кетейік, Шекспирдің шығармалары төрт ғасырдан астам уақыт бойы бүкіл әлемдегі миллиондаған оқырмандардың жүрегін жаулаған. Оның шығармашылығында 37 пьеса, 2 поэма, 154 сонет бар.