Баянауыл ауданында профессор Сапар Түсіпбеков атындағы кабинет ашылды

Баянауыл ауданында профессор   Сапар Түсіпбеков  атындағы  кабинет ашылды
Фото: Баянауыл ауданының білім беру бөлімі

Кабинеттің ашылуына ауыл тұрғындары, мұғалімдер мен оқушылар дән риза, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің әдіскері Мәншүк Шумақованың айтуынша, Ақши  жалпы негізгі білім беру мектебінде Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Түсіпбеков Сапар Түсіпбекұлы атындағы  кабинет ашылды. 

Іс-шараға ауыл тұрғындары мен Әл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық  университеті химия  ғылымдарының кандидаты,  профессор  Сапар Түсіпбековтың  қызы Алма Түсіпбекова қатысты.

– Бұл кабинеттің оқушылардың саналы да білімді болуына тигізер үлесі мол. Жалпы, химия кабинетінің ашылуына демеушілік білдірген, құрал-жабдықтарды сыйға тартқан профессор  Алма  Сапарқызына алғысымыз шексіз, – дейді Мәншүк Шумақова. 

Жаңадан ашылған кабинетте профессор Алма Түсіпбекова мен Ақши жалпы негізгі білім беру мектебі  химия пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Сандуғаш  Рахымбаева  оқушылармен бірлесіп, зертханалық жұмыс жүргізді.  Кештің соңы концерттік бағдарламамен аяқталды. 

Еске сала кетейік, Сапар Түсіпбеков 1936 жылы 28 тамызда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Медицина ғылымының докторы (1984), профессор (1985). Қарағанды мемлекеттік медицина институтын (1960) бітірген. Қазақстан ғылым академиясының Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар институтында ауруды рентгенмен анықтау лабораториясында аға ғылым қызметкер, меңгеруші (1960–67) болған. 1967 жылдан Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру инстиутында ассистент, доцент, кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 1982 жылы «Комплексное рентгенологическое исследование поджелудочной железы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ғылыми еңбектері рентгенология мәселелеріне арналған.