Павлодарда «Профилактика кабинеттері» ашылды

Павлодарда «Профилактика кабинеттері» ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» Заңы мен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. 

– Тәжірибе көрсеткендей, аталған іс-шаралар кешенді тәсіл қолданылып, профилактика субъектілерімен өзара іс-қимыл орнатылғанда ғана барынша тиімді болмақ. Бұл ретте полицияның денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау органдарымен, әкімдіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтық қоғамның өзге де институттарымен күш-жігерін біріктіруі мен үйлестіруі аса маңызды. Осындай үйлестіруші орталық ретінде «Профилактика кабинеттері» жұмыс істейтін болады. Мұнда криминогендік ахуалға әсер ететін әлеуметтік маңызы бар тәуекелдер бойынша консультациялық және превентивті-ақпараттық жұмыстар жүргізіледі, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Евгения Доброва.

Ведомствода атап өткендей, полиция қызметкерлері құқықтық кеңес берсе, психологтар дағдарыстық жағдайға тап болғандармен және жасөспірімдермен айналысады. Сондай-ақ нарколог-дәрігерлер тәуелділіктің алдын алумен, ал медицина және әлеуметтік қызметкерлер қолайсыз отбасыларды сүйемелдеумен шұғылданады.