Павлодарда мектеп автобустарының қауіпсіздігі тексерілді

Павлодарда мектеп автобустарының қауіпсіздігі тексерілді
Фото: Константин Шелков

Ол «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында іске асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы полиция қызметкерлері оқушыларды тасымалдауға тартылған мектеп автобустарын жинақтап, тексеру жұмыстарын ұйымдастырды.

- Шара кәмелетке толмағандарды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мектеп көліктерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруды көздейді. Мектеп автобустарының жүргізушілерімен жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтау, жылдамдық режимін асырмау, балаларды тасымалдау талаптарын орындау және қозғалыс бағыттарында қырағылықты күшейту бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді,- делінген облыстық полиция департаменті берген хабарламада. 

Сонымен қатар, автобустардың техникалық жай-күйі тексеріліп, тежегіш жүйесінің, рульдік басқарудың, жарық беру құрылғыларының, қауіпсіздік белдіктерінің, тахографтардың жарамдылығы, сондай-ақ «Балаларды тасымалдау» танымдық белгілерінің және өрт сөндіргіштердің болуы назарға алынды.

Қабылданған шаралар мектеп оқушыларын тасымалдау кезінде қауіпсіз жағдай жасауға және жолдарда төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.