Павлодар облысының үш ауылдық округінде әкімдер сайланды
Екі ауылдық округтің қазіргі басшылары қызметінде қалса, тағы бір елді мекенде 26 жастағы мұғалім жеңіске жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл Железин ауданындағы Железин және Қазақстан ауылдық округтері, сондай-ақ Ертіс ауданындағы Қарақұдық ауылдық округі әкімдерінің заңмен белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталады. Осыған байланысты үш округте сайлау өтті.
Железин ауылдық округінде сайлаушылар тізіміне 4323 адам енгізілген. Олардың 50 пайыздан астамы дауыс беруге қатысты. Әкім лауазымына өзін-өзі ұсынған үш кандидат үміткер болды. Сайлау қорытындысында 58 жастағы Қанат Айсаков қызметінде қалды. Ол аудан орталығын 2018 жылдың қараша айынан бері басқарып келеді. Қазіргі әкімге 1539 сайлаушы дауыс берген.
Қазақстан ауылдық округінде де үш кандидат бақ сынады. Тұрғындардың басым бөлігі Жаңа Жұлдыз ауылының орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істейтін 26 жастағы Рахат Жолдыбаевты таңдады.
Ертіс ауданындағы Қарақұдық ауылдық округінде қазіргі әкім Темірғали Рүстембеков өз қызметін сақтап қалды. 60 жастағы кандидатқа сайлаушылардың 70 пайыздан астамы дауыс берген.
Биыл ауыл әкімдерін сайлау Железин және Ертіс аудандарынан бөлек, Шарбақты, Баянауыл, Май және Тереңкөл аудандарында да өтті. Сондай-ақ Ақсу қаласы мен Павлодарға қарасты бірнеше ауылда әкімдер ауысты.
Келесі сайлау 29 қарашада Майқайың кентінде өтеді. Былтыр облыста 47 ауылдық округтің әкімі сайланса, биыл сайлау 17 округте өтеді.