Павлодар облысында куәлігінен айырылған бес мыңнан астам жүргізуші анықталды

Павлодар облысында куәлігінен айырылған бес мыңнан астам жүргізуші анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде көлік жүргізуге тыйым салынған азаматтардың қайта рөлге отырғаны тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайта рөлге отырған 5710 жүргізуші анықталған.

Мәселен, кезекті патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары Toyota Alphard автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында рөлдегі ер адамның көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

– Патрульдеу барысында полиция қызметкерлері тексеру үшін Toyota Alphard маркалы автокөлікті тоқтатқан. Рөлде көлік құралын басқару құқығынан айырылған ер адам болған. Жүргізуші заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылып, автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Іс материалдары сотқа жолданды, – деп хабарлады полиция департаменті.

Тағы бір жағдай Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп көшесінде тіркелді. Полицейлер қозғалысы күдік тудырған Toyota Camry автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізушінің есірткілік масаң күйде болуы мүмкін деген күдік туындаған.

Анықталғандай, ер адам биыл қазан айында мас күйде көлік жүргізгені үшін жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылған. Алайда сот шешіміне қарамастан, қайта рөлге отырған.

– Аталған азамат 2026 жылдың қазан айында көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен ол жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Алайда белгіленген тыйымға қарамастан, ер адам қайтадан мас күйде көлік басқарған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде, – деп мәлімдеді ведомство.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және көлік басқару құқығынан айырылған жағдайда рөлге отырмауға шақырады.