Павлодарлыққа сот шектеуді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды
Ол заңнаманы тағы да бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz ақпараттық медиа-порталдың мәліметінше, сот шешімімен 42 жастағы Павлодар тұрғынына ұрлық жасағаны үшін үш жарым жылға бас бостандығын шектеу қойылған болатын. Ол пробация қызметінде есепте тұрды. Алғашқы уақытта ер адам тіркеуге келіп жүрді және жазасын өтеу тәртібін бұзбаған. Алайда бір жылдан кейін оның мінезі өзгерді. Ер адам бірнеше рет алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орында адамдарға тиісіп, тыныштықты бұзғаны, тіркеу күндерін өткізіп алғаны, мәжбүрлі еңбекке тарту бөлігінде сот үкімін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.
– Ол мүгедектігі бар анасымен бірге тұрды, бірақ тұрғылықты жерін тексеру кезінде ер адам үйде болмады, жұмыс істемеді. Жүйелі бұзушылықтарға байланысты пробация қызметінің инспекторлары жазаны ауыстыру туралы Павлодар қаласының №2 сотына материал жинап, жолдады,– деді Павлодар қаласының пробация қызметінің бастығы Серік Бөлекпаев.
Осылайша, сот қаулысымен оған берілген 1 жыл 3 ай және 26 күн түріндегі жаза бас бостандығын шектеуден бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Сот отырысында ер адам өкініп, оған тағы бір мүмкіндік беруін өтінді. Енді сотталушы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Айта кетейік, 2023 жылы сот жүктеген міндеттерді орындамағаны үшін Павлодар облысында 147 адам бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді.