Павлодарлық музейде Мұса Шормановтың мөрі сақтаулы

Павлодарлық музейде Мұса Шормановтың мөрі сақтаулы
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Музей қоры басқа да жәдігерлермен толықтырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны, би, шешен атанған Мұса Шормановтың көрмесі ашылды. Бұл көрмеде сұлтанға жазған хаттар, жоқтаулар, суреттер, мақалалар, жеке заттары сақталған. 

– 1833 жылы арнайы Баянауыл сыртқы округі құрылған кезде Мұса Шормановты сұлтан етіп тағайындаған болатын. Бүгінгі таңда Баянауыл ауданы Теңдік ауылында сұлтанға арнап салдырған кесенесі бар. Біз музейімізді барша Мұса Шормановқа қатысты жәдігерлер мен материалдарға толтырып, көрме аштық, – дейді Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі өлке тарихын ғылыми қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжайнат Алиева. 

Мұса Шорманов Адамжүсіптің (Жүсіп) әкесі Көпейге қарап: «Сопы, мына балаңа былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен!» – деп лепес қылған екен. Бұрынғы «Жүсіп» деген атына «Мәшһүр» - деген аттың алғаш қосылуы Мұсаның: «Мәшһүр» болады дегенінен соң-ақ «Мәшһүр» аты қосақтала бастайды. 

Сұлтан жайлы оқиғалардың бірінде 1847-1849 жылдары Сібірден 60 мыңға жуық қазақты көшіріп әкелген. Сондай-ақ, ол Шоқан Уәлихановпен де тығыз байланыста болған екен. Әйгілі ақын Абайдың әкесі Құнанбай істі болып, Омбыға тергеуге шақырылғанда Мұса сұлтан губернаторға кепілдеме беріп, қамаудан босатып алған. Бүгінде атағы ай жарған сұлтан Баянауыл ауданындағы Ақкелін қонысында жерленген.

Айта кету керек, аталмыш көрме 1 қарашаға дейін жалғасады.