Павлодарда ЖКО орнын тастап кеткен жүргізушіге айыппұл салынды
Сот жол апатынан кейін полицияны күтпей кеткен азаматтың әрекетін қайта саралап, 30% жеңілдікпен айыппұл тағайындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылдың желтоқсан айында Павлодар – Астана тасжолында жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жәбірленуші ретінде танылған азамат С. оқиға орнынан кетіп қалған.
Сот отырысында С. жол апатынан кейін көліктерді фото және бейнетаспаға түсіріп, полицияға хабар бергенін айтты. Оның сөзінше, тәртіп сақшыларын шамамен үш сағат күткен, алайда олар келмеген соң, ауа райының нашарлауына байланысты кетуге мәжбүр болған. Сонымен қатар екінші жүргізуші де оқиға орнынан кеткен.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 30 желтоқсанда қолайсыз ауа райына байланысты аталған бағыттағы жол кезең-кезеңімен жабылып, қайта ашылып отырған.
Азамат С.-ға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 611-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылған. Алайда сот істі зерделей келе, оның қасақана заңсыз әрекет жасамағанын, бірақ полиция қызметкерлерін күтпей жол қозғалысы қағидаларын бұзғанын анықтады.
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаматтың әрекетін 611-баптың 2-бөлігінен 1-бөлігіне қайта саралап, жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, оны кінәлі деп таныды. Сот 30% жеңілдікпен 15 138 теңге көлемінде айыппұл тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.