Павлодарлық қақпашы өз командасын футбол Кубогының келесі кезеңіне шығарды
Қазіргі уақытта ол Көкшетаудың «Оқжетпесінде» ойнайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қарағандыда Қазақстан Кубогының 1/16 финалында «Шахтер» мен «Оқжетпес» кездесті. Үзіліске дейін алаң иелері 2:0 есебімен алда болды, бірақ екінші тайм басқаша өрбіді. Алдымен Еркебұлан Нұрғалиев есепті қысқартты, ал 71-ші минутта Нұрғайни Бөрібаев көрсеткішті теңестірді.
Ойын аяқталуына 15 минут қалғанда, төреші «Шахтер» пайдасына пенальти белгіледі. Пенальтиден бұрын «Оқжетпестің» қақпасын қорғаған павлодарлық Михаил Голубничий жүйкесін тыныштандырып, су ішпек болды: ол бөтелкені қолға алып, ұзақ уақыт қарап тұрды. Нәтижесінде қақпашы Арман Нүсіптің соққысын қайтарды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Соңғы ысқырыққа бес минут қалғанда Владислав Васильев Көкшетау командасы үшін жеңіс голын соғып, есепті 3:2 етті. Енді «Оқжетпес» 1/8 финалда Астананың «Жеңіс» командасымен кездеседі.
Айта кетейік, Павлодардың «Ертісі» Премьер-лига аясындағы келесі кездесуде «Оқжетпес» командасымен ойнайды. Матч 12 сәуірде Көкшетауда өтеді.
Айтпақшы, Екібастұздың «Батыры» кубоктік ойында «Каспийден» 4:0 есебімен жеңілді.