Павлодарлық компания кәсіпорындарына қос тарапты оқытуды енгізбекші
Қос тарапты оқыту студентке де, кәсіпорынға да тиімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде компаниялар тобының бірінші басшылары мен Торайғыров университетінің энергетика факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Өңірді білікті кадрлармен, оның ішінде электр энергетикасы саласын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік міндет бүгінде ерекше өткір тұр. Электр энергетикасы саласында кәсіби мамандарды «өсіру» университет пен кәсіпорынның бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана мүмкін болады. Қос тарапты оқыту мен мақсатты оқыту студентке де, кәсіпорынға да тиімді.
– Қос тарапты оқыту кезінде студент оқудың теориялық бөлігін білім беру ұйымының базасында, ал практикалық бөлігін кәсіпорындағы жұмыс орнында өтеді. Мұнда болашақ маман практикалық дағдыларға ие болады, тәлімгер оған көмектесіп, болашақ мамандығының қыр-сырын түсіндіреді. Оқудан өткеннен кейін маман таныс ұжымда жұмысқа орналасады, – дейді кадрлар бөлімінің меңгерушісі Людмила Смирнова.
Қазіргі уақытта компаниялар тобының кәсіпорындары білім беру ұйымдарының студенттері мен түлектеріне бірқатар жеңілдіктерді қарастыратын «PROFENERGY» жобасын жүзеге асыруда: өндірістік тәжірибелерді, экскурсияларды ұйымдастыру, демалыс кезеңіне уақытша жұмысқа орналастыру; кәсіпорынның жеке шәкіртақысын тағайындай отырып, студенттік жұмыстар байқауын өткізу және тағы басқалары.